Соня Жиенбаева Испанияда өткен турнирдің чемпионы атанды
Қазақстандық теннисші Испанияда екі апта ішінде екі бірдей титулды қанжығасына байлады.
Соня Жиенбаева жеке парақшасынан
Қазақстандық теннисші Соня Жиенбаева Испанияда өтіп жатқан халықаралық W35 санатындағы турнирдің жеңімпазы атанды. Жарыс Виго қаласында өтті.
Әлемдік рейтингте 450-орында тұрған 20 жастағы қазақстандық теннисші финалда рейтингтің 332-сатысындағы Қытай өкілі Юйфэй Рэньмен кездесті.
Тартысты өткен матч 1 сағат 46 минутқа созылып, Жиенбаеваның жеңісімен аяқталды. Қазақстандық спортшы қарсыласын 7:6 (8:6), 7:5 есебімен ұтты.
Бұл Соня Жиенбаеваның World Tennis Tour аясындағы қатарынан екінші чемпиондығы. Бір апта бұрын отандасымыз Испанияның Оренсе қаласында өткен W75 санатындағы турнирде топ жарған еді. Сол жарыстың финалында ол Болгария өкілі Изабелла Шиникованы жеңген болатын.