Томас Сильва «Норвегияның арктикалық жарысында» жеңіске жетті
Елордалық команданың велошабандозы көпкүндіктің жалпы есебінде 1-орынға ие болды.
ашық дереккөзден
XDS Astana Team командасының велошабандозы Томас Сильва «Норвегияның арктикалық жарысының» қорытынды кезеңінде мәреге үшінші болып жетіп, көпкүндіктің жалпы классификациясында жеңімпаз атанды.
Қазақстандық команданың өкілі шешуші кезеңде көшбасшының сары жейдесін сақтап қалды. Сильва кезеңді жеңіп алуға талпынғанымен, соңғы асуда негізгі қарсыластарынан қалып қойды.
«Бұл кезеңде де жеңіске жеткім келді. Алайда соңғы асуда жарысты бақылауда ұстау өте қиын болды. Бүгінгі күн сәтсіз басталды. Алдымен дөңгелегім тесілді, кейін құлаған соң негізгі топтан бөлініп қалдым. Дегенмен жағдайды түзете алдық», - деді Сильва.
Жарыс бойы XDS Astana Team велошабандозға қолдау көрсетіп, мәреге жақын шақырымдарда тиімді позицияға шығуына көмектесті. Нәтижесінде Сильва үшінші болып келіп, сары жейдені сақтап қалды.
Осылайша, Томас Сильва 2026 жылғы маусымдағы сегізінші жеңісіне қол жеткізді.