«Барыс» «Салават Юлаевқа» есе жіберді

«Барыс» Башқұртстан Республикасының кубогында «Салават Юлаевпен» кездесті.

«Барыс» «Салават Юлаевқа» есе жіберді Барыс ХК

Елордалық команданың бапкерлер штабы ойынға Гарретт Пилон, Логан Дэй, Асанәлі Сәркенов, Чейз Приски және «Снежные Барсы» клубының 17 жастағы қорғаушысы Темірлан Айболұлын қосты. Қақпаны алғашқы минуттан Андрей Шутов қорғады.

Матчтың алғашқы минуттарында «Барыс» белсенділік танытып, қарсыласын екі рет айып алаңына жіберді. Алайда қазақстандық клуб сан басымдығын пайдалана алмады. 

Ал «Салават Юлаев» алғашқы мүмкіндігін сәтті пайдаланып, Максим Кузнецов есеп ашты. Дегенмен астаналықтар бірінші кезең аяқталғанша есепті теңестірді. Чейз Приски көк сызықтан шайба лақтырса, қақпа алдында тұрған Әлихан Өмірбеков оның бағытын өзгертіп, гол соқты.

Екінші кезеңде уфалықтар қайта алға шықты. Бұл жолы да басымдықты тиімді пайдаланып, Девин Броссо Вадим Шипачёвтің пасынан кейін шайбаны қақпаға дәл көздеді.

Үшінші кезеңде «Салават Юлаев» есеп айырмасын ұлғайтты. Сергей Варлов пен Максим Кузнецов дәл соққыларымен көзге түсіп, командасына 4:1 есебімен жеңіс әкелді.

Осылайша, «Барыс» Башқұртстан Республикасының кубогындағы алғашқы кездесуінде жеңіліс тапты.

Михаил Кравец шәкірттері келесі ойынын 18 тамызда Хабаровскінің «Амур» клубына қарсы өткізеді. Кездесу Астана уақытымен сағат 15:00-де басталады.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу