Қазақстандық жас паделшілер Индонезияда үздіктер қатарынан көрінді
Арнұр Тұрсынхан мен Ислам Дүйсенғазин FIP Promises Bali турнирінде жүлде алды
ашық дереккөзден
Қазақстандық жас паделшілер Арнұр Тұрсынхан мен Ислам Дүйсенғазин Индонезияда өткен FIP Promises Bali халықаралық турнирінде сәтті өнер көрсетті.
16 жасқа дейінгі санаттың финалында қазақстандық жұп алаң иелері Пурвако Эцио мен Ритеш Гиланы 6:1, 6:4 есебімен жеңіп, чемпион атанды.
18 жасқа дейінгі санатта да Арнұр мен Ислам финалға дейін жетті. Шешуші кездесуде олар индонезиялық Бай Путражати мен Рой Соесилоға тартысты бәсекеде жол берді.
Қазақстандықтар алғашқы сетте 6:4 есебімен жеңіске жетті. Екінші партияда алаң иелері тай-брейкте 7:2 есебімен басым түсіп, есепті теңестірді. Ал чемпион тағдыры супер-тай-брейкте шешіліп, индонезиялық жұп 11:9 есебімен жеңіске жетті.
Бұл Арнұр Тұрсынхан мен Ислам Дүйсенғазиннің биылғы маусымдағы кезекті табысы. Мамыр айында олар FIP Promises Tbilisi турнирінде 16 және 18 жасқа дейінгі екі санатта да жеңімпаз атанып, «алтын дубль» жасаған. Ал шілдеде FIP Promises Jakarta жарысында да дәл осындай нәтижеге қол жеткізді.
Осы нәтижелердің арқасында қазақстандық жұп FIP Promises азиялық рейтингінде 16 жасқа дейінгі спортшылар арасында төртінші орынға көтерілді. Ал 18 жасқа дейінгі санатта алтыншы орында тұр. Бұл Қазақстан паделшілері арасындағы ең үздік көрсеткіш.