Қазыбек Қалмағанбетов әлем чемпионатының финалына жолдама алды
Бүгін бес балуанымыз боз кілемге шығады.
ашық дереккөзден
Қазақстандық балуан Қазыбек Қалмағанбетов Словакияның Братислава қаласында 20 жасқа дейінгі спортшылар арасында грек-рим күресінен өтіп жатқан әлем чемпионатының финалына шықты. Қазыбек жарыс жолын іріктеу кезеңінен бастап, алғашқы белдесуінде Германия өкілі Себастьян Вагнерді 9:0 есебімен жеңді. Белдесу 3 минут 37 секундқа созылып, қазақстандық спортшы техникалық басымдықпен жеңіске жетті.
1/8 финалда АҚШ балуаны Амрын Брайан Наттермен кездескен Қазыбек 6 минуттық белдесуді 1:1 есебімен аяқтады. Жеңіс VPO1 критерийі бойынша қазақстандық балуанға берілді.
1/4 финалда Мысыр өкілі Мұхаммед Хасан Ахмед Абдельрахимді 4:1 есебімен жеңді. Қазыбек партерде қарсыласын айналдырып, 2 ұпай еншіледі. Кейін мысырлық балуанның сәтсіз челленджінен соң тағы бір ұпай алды.
Жартылай финалда Венгрияның биылғы Еуропа чемпионы Петр Житовозбен белдескен Қалмағанбетов 7:5 есебімен жеңіске жетіп, әлем чемпионатының финалына жолдама алды. Финал бүгін, 18-тамыз күні өтеді.
Сондай-ақ бүгін Братиславада Қазақстан құрамасының тағы бес өкілі бозкілемге шығады. 60 келі салмақта Алпамыс Болатұлы 1/8 финалда Украина өкілі Назарий Бабинский мен Германия балуаны Иван Зайбель арасындағы жеңімпазбен кездеседі.
82 келіде Нұрдәулет Рахман іріктеу кезеңінде Үндістан балуаны Принс Принспен белдеседі.
Әйелдер күресінде 50 келіде Медина Қуанышбек Тайбэй өкілі Ван И Хуанмен, 53 келіде Динара Дауылқызы Әзербайжан балуаны Эсра Маммадлимен, ал 72 келіде Мейрамгүл Мақсот Қытай өкілі Вэньцзин Цюмен өзара мықтыны анықтайды.