17 жастағы қазақстандық хоккейші Құрлықтық хоккей лигасында дебют жасады
«Барыс» Башқұртстан Республикасының кубогында өнер көрсетуде.
Барыс ХК
17 жастағы қорғаушы Темірлан Айболұлы «Барыс» сапында алғаш рет ойнап, ҚХЛ аясындағы дебютін жасады. Жас хоккейші «Салават Юлаевқа» қарсы кездесуден кейін ойыннан алған әсерімен бөлісті.
«Осындай деңгейде өзімді көрсетуге мүмкіндік алғаныма қуаныштымын. Жас ойыншылар үшін ҚХЛ командасымен бірге жаттығудың өзі үлкен тәжірибе әрі ұмытылмас сезім. Жаттығу жиындары барысында өзім үшін көп жаңалық алдым. Барлығында жылдамырақ болу керек, шешімдерді де тезірек қабылдау қажет. Тәжірибелі ойыншыларға мұз үстінде де, киім ауыстыратын бөлмеде де қызығушылықпен қарап, өзіме қажетті қорытынды жасаймын. Қазіргі таңда маған ең алдымен физикалық дайындық жетіспейді. Оны түзетуге тырысамын», - деді Темірлан Айболұлы.
Жас қорғаушы дебюттік кездесуінің оңай болмағанын атап өтті.
«Өкінішке қарай, жалпы ойын біз ойлағандай болмады. Бірден көзге түскені - ойын жылдамдығының қатты ерекшеленетіні. Мен тезірек бейімделуге тырыстым. Бірінші кезеңде өзімді еркін сезіне алмадым. Кейін сенімдірек ойнай бастадым», - деді ол.
Темірлан Айболұлы бұл кездесуде өзінен он жас үлкен Әділ Бекетаевпен бір жұпта ойнады. Оның айтуынша, тәжірибелі қорғаушы жас ойыншыға бейімделуіне көмектескен.
«Әділ барлық жас ойыншыларға үнемі қолдау көрсетеді. Әр ауысымнан кейін бірге талдап, не нәрсені дұрыс жасағанымды, қай тұста қателескенімді қараймыз. Жалпы, бүкіл команда бізді қолдауға тырысады», - деді хоккейші.
Естеріңізге сала кетейік, күні кеше «Барыс» Башқұртстан Республикасының кубогындағы алғашқы кездесуінде Уфаның «Салават Юлаев» клубынан 1:4 есебімен жеңілді. Дәл осы ойында Темірлан алғаш рет елордалық ұжым сапында айдынға шықты.