Бүгін Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінің плей-офф матчтары басталады
Плей-оффта негізгі кезеңнің соңғы жеті жолдамасы сарапқа салынады.
ашық дереккөзден
Бүгін, 18 тамызда УЕФА Чемпиондар лигасының 2026/27 жылғы маусымындағы плей-офф кезеңі басталады. Финалдық іріктеу кезеңінің алғашқы матчтары 18-19 тамызда өтсе, қарымта кездесулер 25-26 тамызға жоспарланған. Осы кезеңнің қорытындысы бойынша турнирдің негізгі кезеңіне берілетін соңғы жеті жолдаманың иегерлері анықталады.
Плей-офф кезеңіндегі ең тартысты жұптардың бірі - «Фенербахче» мен «Лион» арасындағы кездесу. Түркиялық клуб Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне соңғы рет 2008 жылы шыққан болса, француздар бұл кезеңде 2019 жылдан бері өнер көрсетпеген. Екі команда бұған дейін 2000-жылдары Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде төрт рет кездесіп, барлық матчта «Лион» жеңіске жеткен. Ал соңғы кездесу 2025 жылғы қаңтарда Еуропа лигасының жалпы кезеңінде өтіп, 0:0 есебімен аяқталған.
«Фенербахче» плей-оффқа дейін Польшаның «Гурник» және Аустрияның «Штурм» клубтарын жеңді. Ал «Лион» жарысты үшінші іріктеу кезеңінен бастап, алғашқы матчта жеңілгеніне қарамастан, «Спарта» командасымен болған жұпта жеңісті камбэк арқылы қамтамасыз етті.
Бүгін өтетін тағы бір қызықты матч «Левски» мен АЕК арасындағы ойын. Софиялық клуб 2006 жылдан бері алғаш рет Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шығуға мүмкіндік алып отыр. Болгариялық команда 2023 және 2025 жылдары Конференциялар лигасының финалдық іріктеу кезеңінен әрі аса алмаған.
Ал Марко Николич бастаған АЕК үшін өткен маусым сәтті болды. Команда Грекия чемпионы атанып, Конференциялар лигасының ширек финалына дейін жетті. Сол кезеңде грек клубы кейіннен турнир финалына шыққан «Райо Вальеканоға» жалпы есепте 3:4 есебімен жол берді. АЕК сол еурокубоктық науқанда барлығы 16 матч өткізді.
Плей-оффтағы тағы бір жұпта Загребтің «Динамосы» Норвегияның «Викинг» клубымен кездеседі. «Викинг» өткен маусымда 34 жылдан кейін алғаш рет Норвегия чемпионы атанды. Клубтың Чемпиондар лигасына оралуы команда үшін ерекше тарихи оқиға болмақ.
Ал Загребтің «Динамосы» еурокубоктық бәсекелерде жақсы таныс. Хорватияның чемпионы Еуропа клубтық турнирлеріндегі қатарынан 21-маусымын өткізіп жатыр.
Осылайша, Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңі бірнеше тарихи оқиғаға куә болмақ. Командалар 18-19 тамыздағы алғашқы матчтарда жалпы кезеңге шығуға алғашқы қадам жасайды. Ал соңғы жеті жолдаманың тағдыры 25-26 тамыздағы қарымта кездесулерден кейін белгілі болады.
Айта кетейік, «Фенербахче» - «Лион», «Левски» - АЕК, «Динамо» - «Викинг» матчтары бүгін, 18 тамыз Қазақстан уақытымен 00:00-де басталады.