Қазыбек Қалмағамбетов жастар арасында әлем чемпионы атанды
Ақтөбелік балуан 67 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетті.
ашық дереккөзден
Қазыбек Қалмағамбетов грек-рим күресінен Братиславада өтіп жатқан жастар арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды.
67 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Қазыбек финалда Беларусь өкілі Михаил Маркоускимен белдесіп, қарсыласын 13:7 есебімен жеңді.
Айта кетейік, қазақстандық балуан жарысты іріктеу кезеңінен бастап, Германия өкілі Себастьян Вагнерді жеңді. Одан кейін 1/8 финалда АҚШ балуаны Амрин Наттерден 1:1 есебімен басым түсіп, қосымша көрсеткіш бойынша келесі кезеңге өтті. Ширек финалда Мысыр өкілі Мохамед Абдельрахимді 4:1 есебімен ұтса, жартылай финалда Мажарстан балуаны Петро Житовозды 7:5 есебімен жеңді.
Сондай-ақ бүгін боз кілемге шыққан балуандарымыздан Динара Дауылқызы, Алпамыс Болатұлы ширек финалда жарысты аяқтады. Ал Мейрамгүл Мақсот іріктеу кезеңінде сүрінді. Мәрлен Бақаев жұбаныш белдесуінде қарсыласына есе жіберді. Сондай-ақ Медина Қуанышбек 1/8 финалда жарысты аяқтады.
Осылайша, грек-рим күресінен жастар арасында өтіп жатқан әлем чемпионатында ел қоржынында әзірге 1 алтын медаль бар.