Рафаэль Уразбахтин: Алдағы кездесуде оң нәтижеге қол жеткізуге тырысамыз

Бүгін «Қайрат» - «Андерлехт» матчы алдында баспасөз жиыны өтті.

Рафаэль Уразбахтин: Алдағы кездесуде оң нәтижеге қол жеткізуге тырысамыз ашық дереккөзден

«Қайрат» футбол клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин Еуропа лигасының плей-офф кезеңіндегі «Андерлехтке» қарсы ойын алдында бельгиялық команданың деңгейіне баға беріп, Алматыдағы Орталық стадионның жағдайына қатысты пікір білдірді.

Бас бапкердің айтуынша, концерттен кейін алаңның кей бөліктері зақымданғанымен, жалпы жағдайы қанағаттанарлық деңгейде.

«Мен алаңды әлі көрген жоқпын, тек фотосуреттерін көрдім. Агрономымыз Виктор көрсетті. Жалпы жағдайы жаман емес. Алаң сәл сарғайған. Себебі жабынның астында температура жоғары болған. Жеті күн ішінде кей жерлері күйіп кеткен. Дегенмен, жалпы алаңның жағдайы қанағаттанарлық», - деді Рафаэль Уразбахтин.

Бас бапкер «Андерлехттің» ойын деңгейіне де тоқталды. Оның пікірінше, бельгиялық клуб тәжірибелі әрі жас футболшылардан құралған сапалы команда саналады.

«Біз қарсыласты зерттедік. Бұл деңгейі жоғары, атақты клуб. Менің білуімше, «Андерлехт» Бельгия чемпионатындағы ең көп жүлде жеңіп алған команда. Құрамында жас футболшылармен қатар тәжірибелі ойыншылар да бар. Бас бапкері танымал маман. Ол бұған дейін жоғары деңгейдегі клубтарда жұмыс істеген», - деді «Қайрат» бапкері.

Рафаэль Уразбахтин «Андерлехттің» ПАОК-қа қарсы өткен кездесуіне де тоқталып, алматылық клубтың бельгиялық қарсыласын жеңуге мүмкіндігі бар екенін атап өтті.

«Жалпы, бұл құрамында сапалы ойыншылар бар жақсы команда. Алайда, менің ойымша, жеңілмейтін қарсыластар болмайды. Кез келген командамен ойнауға болады. Сондықтан біз өз мүмкіндігімізге сенеміз және алдағы кездесуде оң нәтижеге қол жеткізуге тырысамыз», - деді бапкер.

«Қайрат» - «Андерлехт» арасындағы алғашқы матч 20 тамызда Алматыда, қарымта ойын 27 тамызда Брюссельде өтеді.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу