Хоккейден Қазақстан кубогының жартылай финалистері анықталды

Жартылай финалдық матчтар 24 тамызға жоспарланған.

Хоккейден Қазақстан кубогының жартылай финалистері анықталды ашық дереккөзден

Қазақстан кубогының топтық кезеңі аяқталып, турнирдің жартылай финалына шыққан командалар анықталды. Шешуші кездесулерде «Горняк», «Торпедо» және «Сарыарқа» жеңіске жетсе, «Арлан» да өз тобындағы соңғы ойынын сәтті аяқтады.

«Горняк» «Бейбарысты» 6:1 есебімен жеңді. Рудныйлықтардың сапында Оскар Юлбарисов дубль жасап, бір нәтижелі пас берсе, Тимур Шингареев бір гол мен екі ассист авторы атанды. «Бейбарыс» қақпашысы Артем Микушин 36 соққыны қайтарды. Бұл жеңіс «Горнякқа» В тобында екінші орын алуға мүмкіндік берді.

Ал «Арлан» «Алматыны» 4:1 есебімен ұтты. Көкшетау клубының құрамында Тамерлан Бейсембиев, Захар Захаров, Кирилл Эрфурт және Игорь Ищенко мергендігімен көзге түсті. Осылайша, екі команда да топтық кезеңнен кейін жарысты аяқтады.

А тобында Өскеменнің «Торпедосы» «Номадтан» 6:2 есебімен басым түсті. Өскемендік команданың шабуылшысы Диас Гусейнов бұрынғы клубының қақпасына үш шайба соқты. Бұл жеңістен кейін «Торпедо» қосымша көрсеткіштер бойынша «Ақтөбені» басып озып, топта көш бастады.

В тобындағы шешуші матчта «Сарыарқа» «Құлагерді» 4:3 есебімен жеңіп, топта бірінші орын алды. Қарағандылықтардың жеңіс голын Дмитрий Преснов соқты. Осы нәтижеден кейін «Құлагер» плей-офф кезеңінен тыс қалды.

Қазақстан кубогының жартылай финалында «Торпедо» «Горнякпен», ал «Сарыарқа» «Ақтөбемен» кездеседі. Жартылай финалдық ойындар 24 тамызда Қарағандыда өтеді.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу