Елена Рыбакина жарақатына байланысты кездесуден бас тартты
Елена Рыбакина АҚШ-тың Цициннати қаласында өтіп жатқан WTA 1000 турнирінің ширек финалында алған жарақаты туралы пікір білдірді.
ашық дереккөзден
Елена Рыбакина Цициннати турнирінде Польша өкілі Ига Швёнтекке қарсы кездесуде есеп 1:4 болған кезде ойынды жалғастырудан бас тартты. Қазақстандық теннисші матч барысында допқа серпілу кезінде өзін жайсыз сезінгенін айтты.
«Қазір өзімді жақсы сезініп тұрған жоқпын. Тіпті доп берген кезде де дұрыс серпіле алмадым. Жүрудің өзі ауыр. Ертең МРТ-дан кейін нақты не болғаны белгілі болады», - деді Рыбакина.
Теннисшінің айтуынша, бұл мәселе оны біраз уақыттан бері мазалап жүрген. Канададағы бірнеше матчтан кейін Цинциннатиге келіп, қатарынан екі кездесу өткізген. Магдалена Френхпен өткен матч жаңбырға байланысты бірнеше рет кейінге шегеріліп, сол кездесуден кейін ауырсыну күшейген.
«Швёнтекпен матч алдында өзімді қалыпты сезіндім. Өкінішке қарай, бір оқыс қимылдан соң өзімді жайсыз сезіндім», - деді қазақстандық теннисші.
Айта кетейік, бірқатар ақпарат көздері оның сіңірі жарақаттанған деп жазады. Теннисшінің нақты диагнозы МРТ нәтижесінен кейін белгілі болады.