Қазақстандық теннисшілер «Roland-Garros Junior Series» турнирінің финалына шықты
Турнир Алматыда 17-22 тамыз аралығында өтуде.
ашық дереккөзден
Алматыда 16 жасқа дейінгі теннисшілер арасында өтіп жатқан «Roland-Garros Junior Series by Renault - Qualifications West and Central Asia» турнирі мәресіне жақындады. Жарыс «Gorky Tennis Park» теннис кешенінің сазды корттарында ұйымдастырылып, Орталық және Батыс Азия елдерінің үздік жас теннисшілерін жинады.
Жарыстың шешуші кезеңіне Қазақстанның бірнеше өкілі жолдама алды.
Ұлдар арасындағы финалға қазақстандық Родион Трайгель шықты. Ол Сирия өкілі Мухаммад Эяд Салимді және отандасы Амир Аскарды 6:2, 6:4 есебімен жеңді. Финалда Трайгель Иран өкілі Киараш Садегизейдимен кездеседі.
Қыздар арасында қазақстандық Алуа Марат финалға жолдама алды. Ол Елизавета Нигматулина мен Айым Қанағатованы жеңді. Алуаның қарсыласы Өзбекстан өкілі Александра Бармичева.
Турнирдің финалдық кездесулері 22 тамызда сағат 10:00-де басталады. Жарыс жеңімпаздары қазан айында Жапонияда өтетін Roland-Garros Junior Series финалдық кезеңіне қатысу мүмкіндігіне ие болады.
Онда Азия мен басқа өңірлердің үздік жас теннисшілері Roland-Garros жасөспірімдер турнирінің негізгі кезеңіне жолдама үшін бақ сынайды.