16 жастағы қазақ қызы ел тарихында тұңғыш рет әлем чемпионы атанды
Әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық медальдар есебінде көш бастап тұр.
ашық дереккөзден
Қазақстандық Фатима Сұпығалиева Эквадорда дзюдодан кадеттер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды.
16 жастағы спортшы 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынап, финалға дейін жетті. Алтын жүлде үшін ол Украина өкілі Ксения Кирильчукпен кездесті. Негізгі уақыт аяқталғанша қарсыластардың ешқайсысы басымдық таныта алмады. Ал қосымша уақытта Сұпығалиева шешуші әдіс жасап, қарсыласын иппонмен жеңді.
Әлем чемпионатының екінші жарыс күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы тағы үш медаль еншіледі. Інжу Жұмажан 57 келіге дейінгі салмақта күміс жүлдеге ие болса, Ерік Үсенов (66 келіге дейін) пен Бекәлі Еркен (73 келіге дейін) қола медаль жеңіп алды.
Осылайша, екі күннің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық медальдар есебінде көш бастап тұр. Ұлттық құраманың қоржынында 2 алтын, 3 күміс және 4 қола медаль бар. Жарыс 23 тамызда аяқталады.