Қарсыласын желкесінен ұрған Месси айыппұл арқалады
Айыппұл көлемі жарияланған жоқ.
epositphotos.com
«Интер Майами» шабуылшысы Лионель Месси мен қақпашы Ян Фрэй MLS тұрақты чемпионатындағы «Филадельфия Юнионға» қарсы матчтан кейін спорттық емес әрекеттері үшін айыппұл арқалады.
19 тамызда өткен кездесу 2:2 есебімен аяқталған. Месси бұл ойында Фрэйдің пасынан кейін гол соқты. Алайда матчтан кейін әлеуметтік желілерде аргентиналық футболшының «Филадельфия» жартылай қорғаушысы Куинн Салливанмен сөзге келіп, қарсыласының басынан алақанымен ұрған сәті тарады.
Кейін Салливан мен Фрэй арасында да қақтығыс болған. Ал қосымша уақытта Куинннің ағасы әрі командаласы Каван Салливан «Интер Майами» ойыншысы Янник Брайтпен төбелесіп, нәтижесінде екі футболшы да алаңнан қуылды.
Тәуелсіз комиссия матчтағы барлық эпизодтарды қарап, Каван Салливанға көрсетілген қызыл қағазды бірауыздан жойды. Ал Месси мен Фрэйге спорттық емес әрекеттері үшін қаржылай айыппұл салынды.