Михаил Шайдоровтың әлемдік рейтингтегі орны белгілі болды
Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы соңғы рет Миландағы қысқы Олимпиада ойындарында өнер көрсетті.
ашық дереккөзден
Михаил Шайдоров ISU-дың 2026-2027 жылғы маусымға арналған жаңартылған әлемдік рейтингінде үшінші орынға жайғасты.
22 жастағы спортшының еншісінде 3918 ұпай бар. Рейтинг көшін 4590 ұпай жинаған АҚШ өкілі Илья Малинин бастап тұр. Екінші орында 4123 ұпаймен жапониялық Юма Кагияма келеді.
Жапония спортшысы Шун Сато 3639 ұпаймен төртінші орында тұр.
ISU рейтингіндегі үздік ондықтың қатарына Адам Сяо Хим Фа (Франция), Ника Эгадзе (Грузия), Даниэль Грассль (Италия), Кевин Эймоз (Франция), Лукас Бричги (Швейцария) және Маттео Риццо (Италия) енді.
Қазақстандық спортшы жаңа маусымдағы өнерін күзде бастайды. Ол 23-25 қазан аралығында Францияда өтетін Grand Prix de France және 6-8 қарашада Қытайда ұйымдастырылатын Cup of China жарыстарында бақ сынайды.