Қазақстандық волейболшылар Азия чемпионатында Аустралияны жеңді
Қазақстан құрамасы плей-оффқа шығу мүмкіндігін сақтап қалды.
ашық дереккөзден
Қытайда волейболдан әйелдер арасында өтіп жатқан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы алғашқы жеңісіне қол жеткізді.
21-30 тамыз аралығында ұйымдастырылып жатқан құрлықтық додада Қазақстан құрамасы Индонезия, Аустралия және Таиландпен бір топта өнер көрсетуде.
Алғашқы ойында Аскар Шалқыбеков шәкірттері Индонезия құрамасына 0:3 есебімен жол берген еді. Ал бүгін қазақстандық волейболшылар Аустралияны 3:0 есебімен жеңді. Кездесу 25:21, 25:18, 25:21 есебімен аяқталды.
Турнирдің плей-офф кезеңіне әр топтан үздік екі команда, сондай-ақ үшінші орын алған үш команданың арасындағы үздік екі ұжым жолдама алады.
Қазақстан құрамасы топтық кезеңдегі соңғы кездесуін Таиландқа қарсы өткізеді. Ойын 25 тамызда Астана уақытымен сағат 07:00-де басталады.