Дзюдодан жастар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы командалық есепте екінші орынға ие болды

Қазақстан құрамасы ел тарихында алғаш рет жастар арасындағы әлем чемпионатында 10 медаль иеленді.

Дзюдодан жастар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы командалық есепте екінші орынға ие болды ашық дереккөзден

Эквадорда дзюдодан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы тарихи нәтижеге қол жеткізді. Ұлттық құрама жекелей жарысты 10 медальмен аяқтап, жалпы есепте екінші орынға тұрақтады.

+90 келі салмақта сынға түскен Әділжан Жаудинов финалда ресейлік Абдулманаф Рамазановты қосымша уақытта иппон әдісімен жеңіп, әлем чемпионы атанды. Әлемдік рейтингте төртінші орында тұрған қазақстандық спортшы жарысты екінші айналымнан бастап, жапониялық Кога Теруки, бразилиялық Жозе Паулу Перейра және француз Азриэль Декенн Диффоны жеңіп, финалға жолдама алған еді.

Осылайша, Қазақстан құрамасы әлем чемпионатында үш алтын, үш күміс және төрт қола медаль жеңіп алды. Алтын жүлдені Жаудиновтан бөлек Расулхан Ғабит пен Фатима Сұпығалиева иеленді. 

Күміс медальді 50 келіде Әділжан Нұрбекен, 40 келіде Адия Жанахмет және 57 келіде Інжу Жұмажан жеңіп алды. Ал қола жүлдеге 50 келіде Бекарыс Құдайберген, 60 келіде Ахмет Баубек, 66 келіде Ерік Үсенов және 73 келіде Еркен Бекәлі ие болды.

Бұл нәтиже Қазақстан дзюдосы үшін тарихи көрсеткіш болды. Ұлттық құрама алғаш рет бір әлем чемпионатында үш алтын медаль жеңіп алды. Сонымен қатар 10 жүлде Қазақстан дзюдосының әлем чемпионаттарындағы рекордтық нәтижесі.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу