Дебюттер күні: Ислам Чесноков «Крылья Советов» сапында дебют жасады
«Крылья Советов» жаңа маусымдағы алғашқы жеңісін тіркеді.
ашық дереккөзден
Қазақстан құрамасының шабуылшысы Ислам Чесноков Ресей Премьер-лигасында «Крылья Советов» сапында алғаш рет алаңға шықты.
РПЛ-дың бесінші турында самаралық клуб сырт алаңда «Акронмен» кездесіп, 3:0 есебімен жеңіске жетті. «Крылья Советов» құрамында Никита Чернов 19-минутта есеп ашса, Доминик Орос 75-минутта екінші голды соқты. Кездесудің соңғы минуттарында Владислав Шитов есепті 3:0-ге жеткізді.
Ислам Чесноков алаңға негізгі құрамда шықты. Екінші таймның басында Чесноков сары қағаз алды. Ол 64-минутта алаңнан ауыстырылып, орнына Доминик Орос шықты.
Осы жеңістен кейін «Крылья Советов» бес ұпай жинап, турнир кестесінде 11-орынға көтерілді. Ал «Акрон» екі ұпаймен соңғы орында қалды.
Айта кетейік, бұл «Крылья Советов» клубының жаңа маусымдағы алғашқы жеңісі. Самаралықтар келесі кездесуін 29 тамыз күні «Ахматқа» қарсы өткізеді.