Қазақстан құрамасы әлем чемпионатында тарихи қола жүлдеге ие болды

Парафутболдан Қазақстан құрамасы алғаш рет әлем чемпионатына қатысты.

Қазақстан құрамасы әлем чемпионатында тарихи қола жүлдеге ие болды ашық дереккөзден

CP Football-дан Қазақстан ұлттық құрамасы Англияда өткен IFCPF World Championship 2026 әлем чемпионатында қола медаль иеленді. 

Қазақстандық футболшылар үшін турнир жолы оңай болған жоқ. Топтық кезеңнің алғашқы матчында команда әлем чемпионатының басты фавориттерінің бірі АҚШ құрамасынан 0:8 есебімен жеңілді. Екінші кездесуде Италияға қарсы ойында да қазақстандықтар 0:6 есебімен ұтылды.

Алайда үшінші матчта Қазақстан құрамасы өз мүмкіндігін толық пайдаланып, алаң иелері «Лафборо» клубын 9:3 есебімен жеңді. Осы нәтижеден кейін команда келесі кезеңге жолдама алды.

Жартылай финалда қазақстандықтар тағы да АҚШ құрамасымен кездесіп, қарсыласына 0:7 есебімен жол берді.

Үшінші орын үшін өткен матчта Қазақстан құрамасы «Лафбороға» қарсы қайта алаңға шықты. Бұл жолы ұлттық құрама сенімді ойын көрсетіп, 7:2 есебімен жеңіске жетті.

Осылайша Қазақстан құрамасы IFCPF World Championship 2026 турнирін үшінші орынмен аяқтап, әлем чемпионатының қола медалін жеңіп алды. Бұл CP Football-дан Қазақстан құрамасының әлем чемпионатындағы тарихи жетістігі.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу