Мемлекет басшысы қазақстандық дзюдошыларды жастар арасындағы әлем чемпионатындағы тарихи жетістігімен құттықтады
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда дзюдоны дамытуға қосқан үлесі үшін Халықаралық дзюдо федерациясының президенті Мариус Визерге алғыс білдірді.
ашық дереккөзден
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Эквадордың Гуаякиль қаласында өтіп жатқан дзюдодан жастар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасын табысты өнер көрсетуімен құттықтады.
Президент аралас командалық жарыста жеңіске жеткен Қазақстан құрамасына, сондай-ақ жекелеген сында алтын медаль иеленген Ғабит Расулхан, Фатима Сұпығалиева және Әділжан Жаудиновке жылы лебізін білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев жас чемпиондарға спорттағы жолының жарқын болуын және алдағы жарыстарда жаңа биіктерді бағындыра беруін тіледі.
Қазақстандық дзюдошылар әлем біріншілігінде 4 алтын, 3 күміс және 4 қола медаль жеңіп алып, жалпы саны 11 жүлдеге қол жеткізді. Бұл Қазақстан дзюдосының жастар арасындағы әлем чемпионаттарындағы тарихындағы үздік нәтиже.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық дзюдо федерациясының президенті Мариус Визермен сөйлесті. IJF басшысы Мемлекет басшысын Қазақстан құрамасының тарихи жетістігімен құттықтады.