«Торпедо» Қазақстан кубогын жеңіп алды

«Сарыарқа» - «Торпедо» кездесуі 2:8 есебімен аяқталды.

«Торпедо» Қазақстан кубогын жеңіп алды ашық дереккөзден

Қарағандыда шайбалы хоккейден Қазақстан кубогының 2026 жылғы финалы өтті. Шешуші кездесуде жергілікті «Сарыарқа» Өскеменнің «Торпедосымен» кездесіп, 2:8 есебімен жеңіліп қалды.

Ойынның алғашқы минуттарында «Сарыарқа» есеп ашып, Александр Борисевич дәл соққысымен командасын алға шығарды. Алайда бірінші кезең аяқталғанша «Торпедо» екі шайба соғып, есепті өз пайдасына өзгертті. Степан Рифель мен Эрик Алдабергенов мергендік танытты.

Екінші кезеңнің басында Никита Колобов қарсы шабуылға шығып, қарағандылықтардың қақпашысы Данил Кадочниковты қапы қалдырды. Ал үшінші кезеңде «Торпедо» шабуылды үдетіп, Диас Гусейнов дубль жасады. Қарсы команда сапынан Кирилл Пономарёв бір шайба соққанымен, Дмитрий Гренц, Колобов және Павел Жирнов тағы да мергендік танытып, өскемендік клубтың ірі жеңісін қамтамасыз етті.

Осылайша, «Торпедо» Қазақстан кубогындағы чемпиондық атағын қорғап, беделді турнирді екінші жыл қатарынан жеңіп алды. 

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу