Қазақстанда спорттық делегация құрамына қойылатын талаптар күшейтілді

Қазақстанда спорттық делегацияларды жасақтаудың бірыңғай тәртібі енгізілді.

Қазақстанда спорттық делегация құрамына қойылатын талаптар күшейтілді ашық дереккөзден

Қазақстанда алғаш рет Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада және басқа да ірі халықаралық жарыстарға баратын ресми спорттық делегацияларды жасақтаудың бірыңғай тәртібі бекітілді.

Жаңа талаптарды Туризм және спорт министрлігі бекітті. Оның негізгі мақсаты - ұлттық құрамалардың халықаралық жарыстарға қатысуын тиімді ұйымдастыру, бюджет қаражатын ұтымды пайдалану және делегация құрамын оңтайландыру.

Бұған дейін спортшылармен бірге жарыстарға баратын жаттықтырушылар, мамандар мен өзге де өкілдердің санына қатысты бірыңғай талап болмаған. Енді олардың саны спортшылардың санына, жарыстың деңгейі мен ерекшелігіне және құраманың нақты қажеттілігіне қарай анықталады.

Жаңа тәртіп бойынша жаттықтырушылар мен мамандарға басымдық беріледі. Олардың құрамына бас және аға жаттықтырушылар, жеке жаттықтырушылар, сервис-жаттықтырушылар мен жаттықтырушы-кеңесшілер кіреді. 

Сонымен қатар спорттық медицина мамандары мен бірінші топтағы мүгедектігі бар спортшыларға ілесіп жүретін адамдар үшін де жеке норма белгіленді.

Жаңа талаптар спорттық делегациялардың оңтайлы құрамын қалыптастырып, спортшыларға халықаралық жарыстарда сапалы дайындық пен қажетті қолдау көрсетуге бағытталған.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу