Бибісара Асаубаева Франциядағы турнирде блицтен күміс жүлдегер атанды

Күні кеше рапид сайысында алтыннан алқа таққан қазақстандық шахматшы бүгін күміс медальға қол жеткізді.

Бибісара Асаубаева Франциядағы турнирде блицтен күміс жүлдегер атанды ашық дереккөзден

Бибісара Асаубаева Францияның Сен-Тропе қаласында өткен WR Women’s Chess Tour 2026 сериясының Еуропа кезеңіндегі блиц турнирінде күміс жүлдеге ие болды.

Ширек финалда Бибісара украиналық Мария Музычукпен кездесіп, негізгі партияларда тең түсті. Кейін қазақстандық шахматшы «Армагеддонда» жеңіске жетіп, жартылай финалға жолдама алды.

Жартылай финалда Асаубаева неміс шахматшысы Элизабет Пётцпен ойнады. Қазақстандық спортшы 0,5:1,5 есебімен жеңіліп жатқанымен, есепті теңестіріп, шешуші «Армагеддонда» тағы да жеңіске жетті.

Финалда Бибісара Асаубаева украиналық Анна Музычукке қарсы ойнады. Алғашқы партияда қазақстандық шахматшы жеңіске жетсе, екінші кездесуде қарсыласы есепті теңестірді. Үшінші партия тең аяқталды. Титул тағдыры төртінші партияда шешілді. Қара түспен ойнаған Асаубаева бұл партияда жеңіліп, финалдық кездесуде 1,5:2,5 есебімен есе жіберді.

Осылайша, Бибісара Асаубаева блиц турнирінің күміс жүлдесін иеленді. Үшінші орын Элизабет Пётцке бұйырды.

Сонымен қатар қазақстандық шахматшы WR Women’s Chess Tour 2026 сериясының Германияда өтетін Гранд-финалына жолдама алды.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу