Шерзод Давлатов Лозаннадағы Grand Slam турнирінде үздік бестікке енді

28-30 тамыз аралығында Лозаннада Grand Slam турнирі өтуде.

Шерзод Давлатов Лозаннадағы Grand Slam турнирінде үздік бестікке енді kazjudoteam

Қазақстандық дзюдошы Шерзод Давлатов Швейцарияның Лозанна қаласында өтіп жатқан Grand Slam 2026 турнирінде бесінші орын иеленді.

60 келіге дейінгі салмақта сынға түскен отандасымыз жарысты сәтті бастап, алғашқы кезеңдерде америкалық Кристофер Велазко мен швейцариялық Давид Гаухты иппонмен жеңді. Сонымен қатар француз дзюдошылары Ромайн Пикар мен Лука Мхеидзеден басым түсіп, жартылай финалға жолдама алды.

Шешуші кезеңде Давлатов Оңтүстік Корея өкілі Ха Рим Лиге қарсы татамиге шықты. Жартылай финал тартысты өтті. Белдесудің соңына қарай қазақстандық дзюдошы үшінші «шидоға» ие болып, «хан-соку-маке» ережесіне сәйкес жарыстан шеттетілді.

Осылайша Шерзод Давлатов финалға шыға алмады. Үшінші орын үшін өткен кездесуде ол Өзбекстан спортшысы Самриддин Кучкаровпен белдесіп, жеңіліс тапты. Нәтижесінде Давлатов Grand Slam 2026 турнирін бесінші орынмен аяқтады.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу