Қазақстан құрамасы Азия ойындарында алғаш рет паделден бақ сынайды
Азия ойындарына паделден Қазақстан атынан төрт жұп қатысады.
ашық дереккөзден
Қазақстан құрамасы 2026 жылы Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында өтетін XX жазғы Азия ойындарында алғаш рет падел спортынан өнер көрсетеді.
Қыркүйектің 19-ы мен 4 қазаны аралығында өтетін құрлықтық додада Қазақстан намысын паделден төрт жұп - екі ерлер және екі әйелдер жұбы қорғайды.
Падел 2026 жылы Азия ойындарының бағдарламасына алғаш рет енгізіліп отыр. Осылайша, Қазақстан спортшылары үшін бұл жарыс жаңа спорт түрінен құрлықтың басты додасында бақ сынауға мүмкіндік беретін тарихи дода болмақ.
Қазіргі уақытта ұлттық құраманың Азия ойындарына дайындығы бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде. Спортшылар халықаралық жарыстарға қатысып, испаниялық жаттықтырушының жетекшілігімен оқу-жаттығу жиындарынан өтуде. Сонымен қатар федерация ұйымдастыратын ұлттық чемпионаттар мен басқа да жарыстар құраманың жүйелі дайындығының маңызды бөлігіне айналды.
Алдағы Азия ойындары Қазақстандағы падел спортының танымалдылығын арттырып, отандық спортшылардың халықаралық аренадағы тәжірибесін күшейтуге мүмкіндік береді.