«Барыс» тағы да буллиттер сериясында сүрінді
«Барыс» Пучков турнирінде СКА-ВМФ командасына есе жіберді
Барыс ХК
Астаналық «Барыс» Санкт-Петербургте өтіп жатқан Пучков турниріндегі екінші кездесуін СКА-ВМФ командасына қарсы өткізді.
Қазақстандық клуб ойынға тәжірибелі құраммен шықты. Әлихан Әсетов осы маусым алдындағы дайындық кезеңінде алғаш рет айдынға шықты. Сонымен қатар Кирилл Ляпунов, Абзал Әлібек пен Батырлан Мұратов негізгі құрамда болды. Қақпаны Андрей Шутов қорғады.
Алғашқы кезеңде СКА-ВМФ ойыншылары белсендірек көрінгенімен, «Барыс» үзілістен кейін қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Кирилл Панюков ыңғайлы позициядан соққы жасап, шайбаны қақпа маңдайшасына тигізді.
Кездесудің екінші кезеңінде астаналықтар есеп ашты. Сан басымдығы кезінде Тайс Томпсонның соққысынан кейін Кирилл Ляпунов шайбаны қақпаға дәл бағыттап, «Барысты» алға шығарды.
Алайда кезең соңына қарай қазақстандық команда қатарынан үш рет тәртіп бұзды. Бұл мүмкіндікті СКА-ВМФ пайдаланып, Никита Сураевтың соққысынан кейін есепті теңестірді.
Негізгі уақыт 1:1 есебімен аяқталып, жеңімпаз буллиттер сериясында анықталды. Бұл жолы «Барыс» қақпасында Владислав Нурек тұрды. Нәтижесінде астаналық клуб буллиттер сериясында жеңіліс тапты.
«Барыс» Пучков турниріндегі келесі матчын 30 тамызда «Адмиралға» қарсы өткізеді. Кездесу Астана уақытымен сағат 16:00-де басталады.