Антони Тюржис «Астана» сапында өнер көрсетеді

Елордалық команда тәжірибелі франциялық велошабандозбен толықты.

Антони Тюржис «Астана» сапында өнер көрсетеді ашық дереккөзден

Франциялық велошабандоз Антони Тюржис XDS Astana Team сапына қосылады. 32 жастағы спортшы командамен 2027 және 2028 жылдарға арналған екі жылдық келісімшартқа қол қойды.

Тюржис классикалық және біркүндік жарыстардағы нәтижелерімен танымал. Ол 2022 жылы «Милан – Сан-Ремо» жарысында екінші орын алса, 2021 жылы «Кюрне - Брюссель - Кюрне» сайысында күміс жүлдегер атанды. Ал 2024 жылы «Тур де Франс» жарысының бір кезеңінде жеңіске жетті.

Биыл француз спортшысы «Гран-при Денэйнада» үшінші орын алып, «Брюссель классикасында» жетінші, «Омлууп Хет Ньюсблад» пен «Хейстсе Пейлде» сегізінші нәтиже көрсетті.

Тюржис «Астана» сапына қосылуын мансабындағы жаңа сынақ әрі жаңа мақсаттарға жетуге мүмкіндік беретін маңызды қадам деп бағалады.

Команданың бас менеджері Александр Винокуров француз велошабандозының тәжірибесі XDS Astana Team-ге көктемгі классикалық жарыстарда және «Тур де Франс» бәсекесінде айтарлықтай көмектесетінін атап өтті.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу