Азия ойындарында боксшыларға гендерлік тест тапсыру міндеттелді
19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында XX жазғы Азия ойындары өтеді.
officialasianboxing
Айти-Нагояда өтетін ХХ Азия ойындарына қатысатын барлық боксшылар генетикалық тесттен өтуі тиіс. Бұл туралы бүгін ұлттық федерацияларға арнайы ескерту жіберілді. Жарысқа бокстан Қазақстан ерлер және әйелдер құрамалары да қатысады.
Әйелдер мен ерлер арасындағы барлық боксшылар Жапонияға аттанар алдында міндетті түрде PCR форматындағы генетикалық тест тапсыруы қажет. Талап World Boxing ұйымының жыныстық сәйкестік саясатына сәйкес енгізілген.
Ұлттық федерациялар спортшыларының қажетті тестілеуден уақытылы өтуін қамтамасыз етуі керек. Сонымен қатар әр боксшының тест нәтижесін растайтын ресми сертификаты болуы шарт.
Құжат Азия ойындары кезінде Sport Entry Check рәсімінен өту барысында ұсынылуы тиіс.
Ұйымдастырушылар бұл талаптың ерлерге де, әйелдерге де бірдей қолданылатынын атап өтті. Қажетті генетикалық тест сертификатын ұсынбаған боксшы Азия ойындарындағы жарысқа жіберілмейді.