«Жеңіс» пен «Ұлытау» үш ұпайдан еншіледі

Бүгін ҚПЛ-дың 24-туры аясында 4 матч өтуде.

«Жеңіс» пен «Ұлытау» үш ұпайдан еншіледі ашық дереккөзден

Қазақстан Премьер-лигасының 24-тур ойындарында Астананың «Жеңісі» мен Жезқазғанның «Ұлытауы» жеңіске жетті.

Астанада өткен кездесуде «Жеңіс» «Алтайды» 1:0 есебімен ұтты. Матчтағы жалғыз голды 66-минутта Андрия Филипович соқты. Осы жеңістен кейін астаналық клуб 29 ұпай жинап, турнир кестесінде сегізінші орынға көтерілді. Ал «Алтай» 19 ұпаймен 14-сатыда тұр.

«Жеңіс» келесі матчын 9 қыркүйекте Алматыда «Қайратқа» қарсы өткізеді. Бұл кейінге шегерілген 21-тур кездесуі болады. Ал «Алтай» 13 қыркүйекте 26-тур аясында сырт алаңда «Ұлытауға» қарсы ойнайды.

Сондай-ақ бүгін Жезқазғанда жергілікті «Ұлытау» «Жетісуды» 3:0 есебімен жеңді. Кездесудегі есеп 40-минутта ашылды. «Жетісу» ойыншысы Нұрбол Ануарбеков өз қақпасына гол соғып алды. 67-минутта Хироки Харада «Ұлытаудың» екінші голын салса, негізгі уақытқа қосылған 1-минутта Илья Черняк қорытынды есепті белгіледі - 3:0.

Осылайша, «Ұлытау» 31 ұпай жинап, турнир кестесінде жетінші орынға көтерілді. «Жетісу» 19 ұпаймен 15-орында келеді.

Айта кетейік, бұдан бөлек бүгін «Қайсар» - «Оқжетпес» және «Ордабасы» - «Қызылжар» матчтары өтуде.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу