«Ордабасы» мен «Оқжетпес» кезекті жеңістеріне қол жеткізді
«Ордабасы» турнирлік кестеде «Қайраттан» 7 ұпай алға ұзап кетті.
ашық дереккөзден
Қазақстан Премьер-лигасының 24-турында «Ордабасы» командасы өз алаңында Петропавлдың «Қызылжарын» 3:0 есебімен жеңді. Шымкенттік клуб есепті тоғызыншы минутта ашты. Леонардо Натель Виера баспен дәл соққы жасап, командасын алға шығарды.
Екінші таймда «Ордабасы» тағы екі гол соқты. 64-минутта Давид Абагна есепті 2:0-ге жеткізсе, 76-минутта Эвертон Маседо ойынның нүктесін қойды. Осы жеңістен кейін «Ордабасы» 55 ұпаймен турнир кестесінің көшін бастаса, «Қызылжар» 23 ұпаймен 11-орында тұр.
Ал Қызылордада жергілікті «Қайсар» Көкшетаудың «Оқжетпесін» қабылдады. Матч қонақтардың жеңісімен аяқталды - 3:2. «Оқжетпес» 21-минутта Оралхан Өміртаевтың голымен есеп ашты. Арада жеті минут өткенде Нұрғайни Бөрібаев есепті еселеді.
Бірінші тайм аяқталуға бір минут қалғанда Нұрәлі Жақсылық мергендігімен көзге түсті. 69-минутта Борис Лотоцкий «Оқжетпестің» үшінші голын соқты. Арада төрт минут өткенде Рамазан Бағдат есеп айырмасын тағы қысқартты. Алайда қызылордалықтар таразы басын теңестіре алмады.
Осылайша, «Оқжетпес» 39 ұпай жинап, турнир кестесінде төртінші орынға жайғасты. «Қайсар» 20 ұпаймен 13-сатыда келеді.