Мария Бровкова әлем чемпионатында үздік бестікке енді
Познаньдағы әлем чемпионаты Қазақстан құрамасы үшін биыл күзде Жапонияның Нагоя қаласында өтетін жазғы Азия ойындары алдындағы маңызды жарыстардың бірі саналады.
ҚР ҰОК
Польшаның Познань қаласында байдарка мен каноэде ескек есуден ересектер арасындағы әлем чемпионаты аяқталуға жақын. Кезекті жарыс күнінде Қазақстан құрамасының спортшылары екі финалда бақ сынады.
Каноэде 500 метр қашықтықтағы А финалында Мария Бровкова өнер көрсетіп, 2:06,33 секунд нәтижесімен мәреге бесінші болып жетті. Осылайша қазақстандық спортшы әлем чемпионатында үздік бестік қатарына енді.
Бұл сайыста алтын медаль Канада спортшысына бұйырса, екінші орынды Мажарстан өкілі иеленді. Үздік үштікті Бейтарап атлет В (Беларусь) командасының спортшысы түйіндеді.
Бұдан кейін Мария Бровкова Ульяна Киселёвамен бірге каноэде 200 метр қашықтықтағы жұптық сында А финалына шықты. Қазақстандық дуэт жарысты 43,99 секунд нәтижесімен аяқтап, тоғызыншы орынға тұрақтады.
Айта кетейік, әлем чемпионаты бүгін, 30 тамызда аяқталады. Байдарка, каноэ және параканоэден Қазақстан құрамасы сапында 21 спортшы бақ сынап жатыр. Ал әлемдік додаға 79 елден 890 ескек есу шебері қатысуда.