Елена Рыбакина live-рейтингте әлемнің бірінші ракеткасы атанды
Елена Рыбакина US Open турниріне қатысатынын растады.
ашық дереккөзден
Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина АҚШ ашық чемпионаты - US Open-2026 турнирі қарсаңында WTA рейтингінің live-нұсқасында бірінші орынға көтерілді.
Қазіргі уақытта Елена Рыбакинаның еншісінде 7911 ұпай бар. US Open-2026 турнирінде қазақстандық теннисші 230 ұпайын қорғауы тиіс. Ал Беларусь өкілі Арина Соболенконың 6585 ұпайы бар. Өткен жылғы турнирдің чемпионы ретінде Соболенко 1990 ұпайын қорғауы қажет.
Рыбакина US Open-2026 турниріндегі алғашқы кездесуін 17 жастағы америкалық Теа Фродинге қарсы өткізеді. Әлемдік рейтингте 580-орында тұрған америкалық теннисші турнирге арнайы шақырту арқылы қатысады.
Айта кетейік, Рыбакинаның US Open-ге қатысуы Цинциннати турнирінде алған аяқ жарақатына байланысты белгісіз болған. Алайда қазақстандық спортшы Нью-Йоркте жаттығуын жалғастырып, турнирге қатысатынын растады.
US Open-2026 30 тамыздан 13 қыркүйекке дейін өтеді. Турнирдің жалпы жүлде қоры 49 миллион АҚШ долларын құрайды.