«Астана» сырт алаңда «Атырауды» жеңді
Бүгінгі матчтың басты қаһарманы - Бауыржан Исламхан.
ашық дереккөзден
«Астана» Қазақстан Премьер-лигасының 24-турында сырт алаңда «Атырауды» 3:2 есебімен жеңді.
Елордалық клуб кездесуді белсенді бастап, 13-минутта есеп ашты. Бауыржан Исламхан қақпаға дәл соққы жасап, «Астананы» алға шығарды.
42-минутта Станислав Басманов Исламханның нәтижелі пасын голға айналдырып, есепті 2:0-ге жеткізді.
Екінші таймның басында «Атырау» есеп айырмасын қысқартты. 47-минутта Джордже Пантелич гол соғып, командасын ойынға қайта қосты.
Алайда «Астана» араға уақыт салып, үшінші голын соқты. 66-минутта Бауыржан Исламхан тағы да нәтижелі пас беріп, Марин Томасовтың гол соғуына мүмкіндік жасады. Осылайша, есеп 3:1 болды.
Кездесудің негізгі уақыты аяқталғаннан кейін «Атырау» тағы бір гол соқты. 95-минутта Девенс есепті 2:3-ке жеткізді. Дегенмен алаң иелері таразы басын теңестіре алмады. Осылайша, «Астана» үш ұпайға ие болды.
Бұл жеңістен кейін «Астана» 42 ұпай жинап, турнир кестесінде үшінші орында келеді. Ал «Атырау» 20 ұпаймен 12-сатыда тұр.