Қос қазақстандық теннисші US Open турнирінің екінші айналымына өтті
Нью-Йоркте US Open турнирі өтуде.
Getty Images
Қазақстандық теннисшілер Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева АҚШ ашық чемпионатын жеңіспен бастады.
Әлемдік рейтингте екінші орында тұрған Елена Рыбакина алғашқы айналымда америкалық Тея Фродинмен кездесті. Әлемдік рейтингте 585-орында тұрған Фродин US Open турниріне арнайы шақырту арқылы қатысып жатыр.
Матч екі сетке ғана созылып, Рыбакина 6:3, 6:2 есебімен жеңіске жетті. Теннисшілер кортта 1 сағат 14 минут өткізді. Қазақстандық спортшы алты эйс жасап, үш рет қос қателік жіберді. Сонымен қатар алты брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды.
Рыбакина турнирдің екінші айналымында испаниялық Джессика Бузас Манейромен кездеседі.
Ал, Қазақстанның екінші ракеткасы Юлия Путинцева алғашқы айналымда әлемнің 12-ракеткасы, Токио Олимпиадасының чемпионы швейцариялық Белинда Бенчичпен сынға түсті.
Кездесу үш сетке созылып, Путинцеваның 4:6, 7:5, 6:3 есебіндегі жеңісімен аяқталды. Теннисшілер кортта 2 сағат 51 минут болды. Қазақстандық спортшы алты эйс жасап, төрт қос қателікке жол берді және он брейк-пойнттың бесеуін сәтті пайдаланды.
Екінші айналымда Путинцева қытайлық Чжэн Циньвэньмен ойнайды.