Көшпенділер ойындары Қырғызстан қазынасына 120 миллион доллар табыс әкеледі
Көшпенділер ойындары спорттық бәсекемен шектелмей, Қырғызстан қазынасына қомақты қаржы әкеледі деп күтілуде.
ашық дереккөзден
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қырғызстанның экономикасына айтарлықтай серпін беріп, ел қазынасына шамамен 120 миллион доллар кіріс әкелуі мүмкін. Бұл туралы Қырғызстанның Туризм жөніндегі мемлекеттік агенттігінің басшысы Эдуард Кубатов Чолпон-Атада өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Оның айтуынша, дүбірлі дода кезінде Қырғызстанға шамамен 200 мың турист келеді деп күтілуде. Шетелдік қонақтардың көптеп келуі қонақүй, қоғамдық тамақтану, көлік және туристік қызмет көрсету салаларына оң әсерін тигізбек.
Көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты да жоғары деңгейде өтті. «Бішкек Аренада» өткен шараны шамамен 30 мың көрермен тамашалаған.
Эдуард Кубатовтың сөзінше, ойындардың экономикалық әсерімен қатар, Қырғызстан үшін оның халықаралық имидждік маңызы да зор. Атап айтқанда, жарыс туралы ақпарат әлемнің 100-ден астам елінде көрсетіледі деп жоспарланып отыр.
«Медиа келесі бір жыл ішінде Қырғызстанның көшпенділер өркениетінің орталығы екенін көрсетеді», - деді ол.
Осылайша, Көшпенділер ойындары спорттық бәсекемен ғана шектелмей, Қырғызстан үшін туризмді дамытуға, елдің халықаралық беделін арттыруға және экономикаға қомақты қаражат тартуға мүмкіндік беретін ірі жобаға айналмақ.
Айта кетейік, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарыда 42 спорт түрінен 152 қазақстандық спортшы сынға түсуде. Ойындардың ашылу салтанатында еліміздің туын көкпардан әлем чемпионы Құрманбек Тұрғанбек ұстап шықты.