Абзал Әжғалиев кәсіби спорттағы мансабын аяқтады
Абзал Әжғалиев кәсіби мансабын аяқтағанымен, спорттан кетпейтінін мәлімдеді.
ашық дереккөзден
Шорт-тректен Қазақстан құрамасының көшбасшыларының бірі Абзал Әжғалиев кәсіби спорттағы мансабын аяқтайтынын мәлімдеді.
Спортшы бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Ол шорт-тректегі 24 жылдық жолын қорытындылап, осы уақыт ішінде өзіне қолдау көрсеткен жанұясына, бапкерлеріне, командаластарына, дәрігерлер мен мамандарға және жанкүйерлерге алғысын білдірді.
Спортшы кәсіби мансабын аяқтағанымен, спорттан кетпейтінін атап өтті. Енді ол жинаған тәжірибесі мен білімін қазақстандық спортты дамытуға, ұлттық құрамаға қолдау көрсетуге және жас спортшыларға бағыттауды жоспарлап отыр.
«Менің спорттағы миссиям аяқталған жоқ. Енді ол жаңа деңгейде жалғасады», - деді Абзал Әжғалиев.
Абзал Әжғалиев шорт-трекпен 24 жыл бұрын айналыса бастаған. 2009 жылдан бері Қазақстан ұлттық құрамасының сапында ел намысын қорғады. Спортшы Қазақстан чемпионатында барлық қашықтықта жеңімпаз атанып, еліміз тарихындағы алғашқы әлем кубогының алтын жүлдесін иеленді. Сондай-ақ халықаралық жарыстарда бірнеше рет жүлдегер атанды.
Әжғалиев төрт Олимпиада ойындарына қатысқан. Сочи-2014 Олимпиадасында 500 метрлік қашықтықта бесінші орын алса, Пхёнчханда алтыншы нәтиже көрсетті. Пекиндегі 2022 жылғы Олимпиадада 500 метрде төртінші орын алып, жүлдеге бір қадам жетпей қалды. Ал биыл Италияда өткен Олимпиада ойындарында ширек финалға дейін жетті.
Қазақстандық шорт-трекші Азия ойындарында да бірнеше рет жүлдеге ие болды. 2025 жылғы Азиадада ерлер арасындағы эстафетада чемпион атанды.
Сонымен қатар Абзал Әжғалиев 2016 жылы шорт-тректен әлем кубогының кезеңінде 500 метр қашықтықта жеңіске жетті. Ол Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы.