Джон ван ’т Шкип ұлттық құрамаға қатысты маңызды мәлімдеме жасады
Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Джон ван ’т Шкип алдағы ойындарға дайындық, команда құрамын жасақтау және отандық футболдың деңгейі туралы пікір білдірді.
ашық дереккөзден
Нидерландылық маман ҚФФ баспасөз қызметіне берген сұхбатында Қазақстан чемпионатының бірнеше кездесуін тамашалап, ұлттық құрамаға шақырылуы мүмкін футболшыларды бақылағанын айтты.
«Бұл жолы матч тартысты өтті. Бірінші таймда “Елімай” жақсы ойнады. Алайда екі қателік жіберді. “Қайрат” оны тиімді пайдаланып, үш мүмкіндіктің екеуін голға айналдырды. Кейін “Қайрат” ойын барысын бақылауда ұстады. Екінші таймда “Елімай” ойынға қайта оралып, қысымды күшейтті», - деді ван ’т Шкип.
Бас бапкер қызметіне тағайындалғанына бір айға жуық уақыт ішінде бапкерлер штабы ауқымды жұмыс атқарған. Мамандар футболшыларды бақылап, алдағы оқу-жаттығу жиынының бағдарламасын әзірлеп жатыр.
Ван ’т Шкип соңғы құрамға енуі мүмкін ойыншылардың барлығымен жеке сөйлесіп үлгермегенін атап өтті. Оның айтуынша, оқу-жаттығу жиыны басталғаннан кейін әр футболшымен жеке танысып, командадағы рөлін талқылауға мүмкіндік болады.
Бас бапкер ұлттық құрамаға шақырылатын футболшыларды таңдауда олардың позициясына сай шеберлігіне, физикалық дайындығына, тәжірибесіне және командаға бере алатын энергиясына мән беретінін айтты.
«Егер жас ойыншының қажетті қасиеттері бар екенін көрсем, оған мүмкіндік беруден қорықпаймын. Кейде дәл осындай футболшылар командаға қосымша серпін бере алады», - деді маман.
Сонымен қатар ван ’т Шкип ұлттық құрама есігі барлық футболшы үшін ашық екенін жеткізді. Қазір командаға шақырылмаған ойыншылардың келесі жиынға шақырылуы мүмкін. Бұл ретте қазіргі құрамдағы футболшы тиісті деңгейде өнер көрсетпесе, келесі шақыртуға ілікпеуі ықтимал.
Нидерландылық маман Қазақстан чемпионатының деңгейіне де баға берді. Оның пікірінше, ішкі біріншілік жақсы деңгейде ұйымдастырылғанымен, стадиондар мен инфрақұрылымды дамыту бағытында әлі де атқарылатын жұмыс бар.
«Қазақстанның басқа еуропалық елдердің деңгейіне жақындауы үшін әлі де дамитын бағыттары бар. Дегенмен бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатқанын көріп отырмын», - деді ол.
Бас бапкер Дастан Сәтпаевтың Англияға ауысуына да тоқталды. Ол жас шабуылшының «Бернли» сапында Чемпионшипте ойнай бастағанын қазақстандық футбол үшін маңызды қадам деп санайды.
«Мұндай ауысулар тек пайдасын тигізеді. Сәтпаев өзін сәтті көрсете алады деп үміттенеміз. Бұл отандық футболдың имиджі үшін де, жас ойыншылар үшін де маңызды», - деді ван ’т Шкип.
Маман алдағы матчтар алдында футболшылардың физикалық жағдайын да бақылауда ұстап отырғанын айтты. Оның сөзінше, ойыншылардың басым бөлігі клубтарында тұрақты түрде алаңға шығып жүр. Алайда кейбір футболшылар бойынша соңғы шешім келесі аптада қабылданады.