«Qarmet» алғаш рет Қазақстан кубогын жеңіп алды
«Qarmet» ірі есеппен жеңіске жетті.
ашық дереккөзден
Теміртаулық «Qarmet» өз тарихында алғаш рет Қазақстан кубогының иегері атанды. Шешуші кездесуде «Qarmet» елордалық «Барысты» 5:2 есебімен жеңді.
Бұл жеңіс команда үшін соңғы маусымдағы сәтті нәтижелердің жалғасы болды. Көктемде Qarmet Jastar Hokei Ligasy чемпионатында алғаш рет күміс жүлдеге ие болған. Финалдық серияда теміртаулықтар дәл осы «Барыспен» кездесіп, чемпиондық атақтың тағдырын жетінші матчта шешкен еді. Алайда шешуші ойында «Qarmet» 2:3 есебімен жеңіліп қалған.
Жаңа маусымда команда бұл нәтижені жақсартуға ниетті екенін бірден көрсетті. «Qarmet» Қазақстан кубогының финалына дейін жетіп, басты жүлде үшін тағы да «Барысқа» қарсы шықты.
Бұл жолы теміртаулық хоккейшілер таразы басын өз пайдасына аудара алды. Ойын барысында «Qarmet» қарсылас қақпасына бес шайба соқты. «Барыс» екі голмен жауап бергенімен, жеңіске жету үшін бұл жеткіліксіз болды.
«Qarmet» - «Барыс» - 5:2 (0:0, 3:1, 2:1)
Шайбалар:
1:0 - Ольденбургер (Дурглишвили, Рублёв), 22:31;
1:1 - Тілеубаев, 28:22;
2:1 - Рублёв (Дурглишвили, Маринин), 30:23;
3:1 - Алтухов (Винтовкин, Нурканов), 32:00;
3:2 - Аманғалиев (Крутский, Имашев), 47:00;
4:2 - Рублёв (Божко), 47:19;
5:2 - Песегов (Саруарбек), 59:17.
Айта кетейік, «Qarmet» қақпасын Илларионов қорғаса, «Барыстың» қақпасында Кучковский ойнады.
Осылайша, теміртаулық команда Қазақстан кубогын алғаш рет жеңіп, клуб тарихындағы маңызды жетістіктердің біріне қол жеткізді.