VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: Қазақстан құрамасының алтын медаль саны 32-ге жетті

Бүгін көкпаршыларымыз финалда Қырғызстанға есе жіберді.

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: Қазақстан құрамасының алтын медаль саны 32-ге жетті ашық дереккөзден

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының алтыншы жарыс күнінде Қазақстан құрамасы бірнеше спорт түрінен жүлдеге таласты. Нәтижесінде ұлттық құраманың алтын медаль саны 32-ге жетті.

Жарыстың бүгінгі бағдарламасында көкпар, көкбөрі, тоғызқұмалақ, мангала және овари бойынша бәсекелер өтті.

Зияткерлік спорт түрлерінен сынға түскен қазақстандық спортшылар жоғары нәтиже көрсетті. Тоғызқұмалақтан ел құрамасы төрт алтын және екі күміс медаль жеңіп алды.

Мангала бойынша жарыстарда да қазақстандықтар жүлдеден көрінді. Ұлттық құрама спортшылары екі алтын, екі күміс және бір қола медаль иеленді.

Африка халықтарының дәстүрлі зияткерлік ойыны - овариде де қазақстандық спортшылар табысты өнер көрсетіп, жүлделі орындарға таласты.

Ал көкбөріден финалдық бәсеке Қазақстан мен Қырғызстан құрамалары арасында өтті. Тартысты өткен шешуші кездесуде қырғызстандықтар басымдық танытып, алтын медальді жеңіп алды. Қазақстан құрамасы күміс жүлдеге ие болды.

Осылайша, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының алтыншы жарыс күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының алтын медаль саны 32-ге жетті. Ұлттық құрама медаль саны бойынша көшбасшылар қатарындағы орнын сақтап келеді.
Сондай-ақ, бүгін жарыс жолына шыққан көкпаршыларымыз ақтық сында алаң иелері Қырғызстан құрамасымен кездесіп, 2:7 есебімен есе жіберді. Осылайша, Қазақстан құрамасы көкпардан күміс медаль иеленді.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу