Аламгир Смақовтың голы «Бешикташқа» маңызды жеңіс әкелді

Аламгир Смақов «Фенербахчеге» қарсы матчта гол соғып, нәтижелі пас берді.

Аламгир Смақовтың голы «Бешикташқа» маңызды жеңіс әкелді ашық дереккөзден

Қазақстандық 18 жастағы жартылай қорғаушы, Самат Смақовтың ұлы Аламгир Смақов Түркия чемпионатының U-19 командалары арасындағы төртінші тур ойынында «Бешикташтың» жеңісіне үлес қосты.

Стамбұлда өткен кездесуде «Бешикташ U-19» «Фенербахче U-19» командасын 2:1 есебімен жеңді.

Ойынның 10-минутында Мұстафа Серхан Кёк «Фенербахчені» алға шығарды. Алайда бірінші таймның қосымша уақытында Аламгир Смақов бұрыштамадан пас беріп, Аяз Хактам Гюльсюм есепті теңестірді.

Ал 59-минутта қазақстандық футболшының өзі де көзге түсті. Расим Корай Текиннің пасын сәтті пайдаланған Смақов қарсылас қақпасын дәл көздеп, «Бешикташты» алға шығарды.

Осылайша, Аламгир Смақов бір матчта гол соғып, бір нәтижелі пас берді. Бұл оның «Бешикташ» сапындағы жастар чемпионатындағы үшінші голы. Бұған дейін ол «Эюпспор» (4:2) және «Аланьяспор» (2:0) командаларына қарсы кездесулерде гол соққан.

«Бешикташ U-19» келесі ойынын 13 қыркүйекте «Эрзурумспор U-19» командасына қарсы өткізеді.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу