«Астана» «Елімайды» ойсырата жеңді
Елордалықтар турнирлік кестедегі жағдайын жақсартты.
ашық дереккөзден
Қазақстан Премьер-лигасының 25-турында елордалық «Астана» өз алаңында семейлік «Елімайды» ірі есеппен жеңді.
Кездесу 4:0 есебімен аяқталды. Матчтың алғашқы минуттарында алаң иелері есеп ашуға біраз уақыт жұмсағанымен, бірінші таймның соңына қарай бірден екі гол соқты.
40-минутта Иван Башич «Астананы» алға шығарды. Араға небәрі бес минут салып, жартылай қорғаушы тағы да мергендік танытып, дубль жасады. Осылайша елордалық команда үзіліске 2:0 есебімен кетті.
Екінші таймда да «Астана» шабуыл қарқынын бәсеңдеткен жоқ. 49-минутта Марин Томасов есепті 3:0-ге жеткізді.
Ал 67-минутта Рамазан Каримов пенальтиді дәл орындап, алаң иелерінің басымдығын төрт голға жеткізді.
Қалған уақытта «Астана» ойын барысын толық бақылауында ұстап, кездесуді ірі жеңіспен аяқтады.
Осы жеңістен кейін «Астана» 45 ұпай жинап, ҚПЛ турнирлік кестесінде үшінші орынға көтерілді. Ал «Елімай» 32 ұпаймен алтыншы орында қалды.