Қырғызстан Көшпенділер ойындарындағы медаль дауына қатысты мәлімдеме жасады
Жарыс қорытындысы бойынша елдер арасында жалпы медальдық рейтинг жасалмайды.
Байбөрі Құдайберген
Қырғызстанның Дене шынықтыру және спорт жөніндегі мемлекеттік агенттігі VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қорытынды медаль есебіне қатысты Қазақстанмен арадағы пікірталасқа түсініктеме берді.
Ведомствоның мәлімдеуінше, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының тұжырымдамасына сәйкес, қатысушы мемлекеттер арасында ресми медальдық және жалпыкомандалық есеп жүргізілмейді.
Көшпенділер ойындарының негізгі мақсаты - этноспорт пен дәстүрлі спорт түрлерін сақтау, дамыту және кеңінен насихаттау. Сонымен қатар жарыс халықтар арасындағы мәдени байланысты нығайтып, достық қарым-қатынасты дамытуға бағытталған.
Қырғызстан тарапының айтуынша, Ойындардың тұжырымдамасы мемлекеттердің жалпы рейтингтегі орын үшін бәсекесіне емес, ортақ тарихи-мәдени мұра төңірегінде бірігуіне негізделген. Осыған байланысты жарыс қорытындысы бойынша елдер арасында жалпы медальдық рейтинг жасалмайды.
Айта кетейік, Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасы 74 медаль жеңіп алғаны хабарланған болатын. Оның ішінде 32 алтын, 20 күміс және 22 қола жүлде бар. Осы көрсеткіш бойынша қазақстандық спортшылар бірінші орынға шыққан еді.
Алайда кейін World Nomad Games 2026 халықаралық турнирінің Instagram желісіндегі ресми парақшасында медальдардың басқа нұсқасы жарияланды. Онда Қырғызстан құрамасы 30 алтын, 29 күміс және 13 қола медальмен бірінші орынға, ал Қазақстан 20 алтын, 16 күміс және 19 қола медальмен екінші орынға орналастырылды.
Бұл жазба көпшілік арасында пікірталас туғызып, Қазақстан мен Қырғызстандағы спорт жанкүйерлерінің назарын аударды. Кейін аталған медаль кестесі әлеуметтік желідегі парақшадан өшірілді.
Осылайша, Қырғызстан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қорытындысы бойынша ресми жалпыкомандалық медаль рейтингі болмайтынын мәлімдеді.