Алматыда WTT Contender турнирі мәресіне жетті

Қазақстандық үстел теннисінің шеберлері ширек финалға дейін жетті.

Алматыда WTT Contender турнирі мәресіне жетті ашық дереккөзден

Алматыда үстел теннисінен халықаралық WTT Contender Almaty турнирі мәресіне жетті. 1-6 қыркүйек аралығында өткен жарыста әлемнің 19 елінен келген 120-дан астам спортшы бақ сынады.

Жүлде қоры 100 мың АҚШ долларын құраған турнирге Германия, Үндістан, Испания, Италия, Йемен, Қытай Тайбэйі, Люксембург, Мексика, Нидерланды, Пуэрто-Рико, Ресей, Сауд Арабиясы, Өзбекстан, Франция, Швеция, Эквадор, Оңтүстік Корея, Жапония және Қазақстан спортшылары қатысты.

Жарыста әлемдік үстел теннисінің танымал өкілдері өнер көрсетті. Олардың қатарында Олимпиада ойындарының екі дүркін қола жүлдегері Дмитрий Овчаров, жұптық сында әлем чемпионы Сюнсукэ Тогами, Олимпиаданың командалық сайысында күміс жүлдеге ие болған Хина Хаята және Қазақстан құрамасының көшбасшысы Кирилл Герасименко болды.

Турнир қорытындысы бойынша ерлер арасындағы жекелей сында чемпиондық атақты Жапония өкілі Сюнсукэ Тогами жеңіп алды. Франциялық Симон Гози күміс жүлдеге ие болса, жапониялық Казуки Хамада мен ресейлік Евгений Тихонов турнирді қола медальмен аяқтады. Қазақстан атынан жарысқа қатысқан «Nomad» (Астана) клубының өкілі Фанг Бо ширек финалға дейін жетті.

Жұптық сында Ресей спортшылары жеңімпаз атанды. Ерлер арасындағы жұптық сында Ресей өкілдері Максим Гребнев пен Лев Кацман алтын медаль жеңіп алды. Швециялық Маттиас Карлссон мен Кристиан Карлссон күміс жүлдеге ие болды. Қола жүлдені Жапонияның Рёичи Ёшияма/Казуки Ёшияма және Казуки Хамада/Хаятэ Судзуки жұптары өзара бөлісті. Қазақстандық Кирилл Герасименко/Алан Құрманғалиев және Санжар Жұбанов/Айдос Кенжигулов жұптары ширек финалға дейін жетті.

Әйелдер арасындағы жекелей сында Жапония өкілі Миа Хирано үздік атанды. Оның отандасы Хина Хаята күміс медаль иеленсе, Пуэрто-Рико спортшысы Адриана Диас пен жапониялық Мию Нагасаки қола жүлдеге ие болды. Қазақстандықтар арасынан Зауреш Акашева, Сарвиноз Миркадирова, Жанерке Көшқымбаева және Ангелина Романовская жарысты 1/16 финалда аяқтады.

Әйелдер арасындағы жұптық сында да Жапония спортшылары чемпион болды. Миа Хирано мен Мию Кихара алтын медаль жеңіп алды. Үндістандық Синдрела Дас/Сутиртха Мукерджи жұбы күміс жүлдеге ие болды. Ресейлік Мария Тайлакова/Екатерина Зиронова және үндістандық Диа Читале/Яшасвини Гхорпаде жұптары қола медаль алды. Қазақстандық Мария Лукьянова/Дарья Фу және Жанерке Көшқымбаева/Гузель Торшаева жұптары ширек финалға дейін барды.

Аралас жұптық сында Ресейдің Евгений Тихонов пен Мария Панфилова жұбы чемпион атанды. Жапониялық Казуки Ёшияма/Юна Одзио жұбы күміс жүлдеге ие болды. Қола медаль Ресейдің Никита Артёменко/Элизабет Абраамян және Швецияның Кристиан Карлссон/Кристина Калльберг жұптарына бұйырды. Қазақстандық Алан Құрманғалиев/Дарья Фу жұбы жарысты ширек финалда аяқтады.

Осылайша, Алматыдағы WTT Contender Almaty турнирі әлемдік үстел теннисінің жұлдыздарын бір алаңға жинап, қазақстандық спортшыларға да жоғары деңгейдегі қарсыластармен тәжірибе жинауға мүмкіндік берді. Қазақстандық спортшылар бірнеше санатта ширек финалға дейін жетіп, жарыстың плей-офф кезеңінде бақ сынады.

Турнирдің бас серіктестері - «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ және «Sport Qory» туризм және спорт индустриясын қолдау қоры.

Халықаралық турнирді жоғары деңгейде ұйымдастыруға қолдау көрсеткен Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігіне, Алматы қаласының әкімдігіне және Алматы қаласының Спорт басқармасына @almatysport_basqarmasy алғысымызды білдіреміз.

Қазақстанның үстел теннисі федерациясы турнирге демеушілік қолдау көрсеткен ADD Capital, Halyk Bank, Allur, Kazakhmys және ERG компанияларына ризашылығын білдіреді.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу