XDS Astana Team велошабандозы Испания Вуэльтасының кезеңінде екінші орынға ие болды
Алессандро Ромеле Испания Вуэльтасында алғаш рет жүлдеге ілікті.
ашық дереккөзден
Маусымдағы соңғы Гранд-тур - Испания Вуэльтасында қазақстандық велошабандоздар да өнер көрсетуде. Биылғы жарыс 22 тамызда Монакодан басталды.
XDS Astana Team сапында Евгений Федоров, Лоренцо Фортунато, Виктор Ланджелотти, Хенок Мулюбырхан, Кристиан Родригес, Алессандро Ромеле, Харольд Техада және Даррен Ван Беккум өнер көрсетуде.
Жарыстың 15-кезеңінде XDS Astana Team командасының өкілі Алессандро Ромеле екінші орынға ие болып, Испания Вуэльтасында алғаш рет жүлдеге ілікті.
Пальма-дель-Риодан Кордоваға дейінгі 110,2 шақырымдық кезең аптап ыстыққа байланысты қысқартылды. Жарыстың алғашқы бөлігінде 11 велошабандоздан тұратын топ алға ұзап кеткенімен, кейін ол бірнеше бөлікке бөлінді. Шешуші сәтте бес спортшыдан құралған топ негізгі топтан ұзап шығып, кезең жеңімпазын спринтте анықтады.
Алессандро Ромеле мәреге екінші болып жетіп, бельгиялық Вут ван Артқа жол берді. XDS Astana Team сапындағы тағы бір велошабандоз Хенок Мулюбырхан оныншы орынға тұрақтады.
Ромеленің айтуынша, жарыс алғашқы шақырымдардан-ақ жоғары қарқында өткен. «Visma» командасы жарысты бақылауда ұстауға тырысқанымен, кейін жағдай өзгерген.
Қазақстандық команданың велошабандозы аралық спринт кезінде жасаған шабуылы жарыс барысына әсер еткенін атап өтті. Кейін Вут ван Арт алға ұмтылғанда, Ромеле оның ізінен қалмай, алда келе жатқан тағы екі шабандозға қосылып, бес адамнан тұратын топ құрған.
Оның сөзінше, бес велошабандоз бастапқыда жақсы жұмыс істеген. Алайда соңғы 3-4 шақырымда қарсыластар тактикалық әрекетке көшіп, бір-бірін бақылауға алған. Ромеле өзін жақсы сезінгенін, ал команданың техникалық көлігіндегі Александр Шефер оған сабыр сақтап, ван Арттың ізінен қалмауға кеңес берген. Дегенмен сол күні мықтырақ болған Вут ван Арт жеңіске лайықты болды. Ал, қазақстандық велошабандоз мәре сызығын екінші болып кесті.
Айта кетейік, биылғы көпкүндік 13 қыркүйекте Гранадада мәресіне жетеді.