Айдана Құмартаева әлемдік Гран-при додасында қола жүлдегер атанды
Муджуда таеквондодан биылғы Гран-при сериясының екінші кезеңі өтуде.
Айдана Құмартаева, жеке парақшасынан
Қазақстан құрамасының таеквондошысы Айдана Құмартаева Оңтүстік Кореяның Муджу қаласында өткен әлемдік сериядағы Гран-при кезеңінде қола жүлдеге ие болды.
49 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен қазақстандық спортшы жарысты Германия өкілі Супхрада Атеслиді жеңуден бастады. Кейін Коста-Рика таеквондошысы Джейси Бассетті де ұтып, ширек финалға шықты.
Жартылай финалға жолдама беретін жекпе-жекте Құмартаева Франция өкілі Мах Тенинбой Фофанамен кездесті. Қазақстандық спортшы қарсыласын 2:0 есебімен жеңіп, жүлдеге кепілдік берді.
Алайда финалдық жолдама үшін өткен кездесуде Құмартаева әлемнің қазіргі чемпионы, Қытай Тайбэйінің өкілі Лю Ю-юнмен сынға түсті. Бұл жолы қазақстандық спортшы 0:2 есебімен жеңіліп қалды.
Осылайша, Айдана Құмартаева Муджудағы әлемдік Гран-при кезеңін үшінші орынмен аяқтады.
Айта кетейік, турнир 5-7 қыркүйек аралығында өтуде. Жарыста әлемнің 46 елінен келген 248 спортшы, ал Қазақстан атынан 6 спортшы сынға түсуде.