«Алтай» «Қайсарды» жеңіп, турнир кестесінде жоғарылады
Жексенбіде ҚПЛ аясында үш кездесу өтті.
ашық дереккөзден
Қазақстан Премьер-лигасының 25-турында Өскеменнің «Алтайы» өз алаңында Қызылорданың «Қайсарын» 2:0 есебімен жеңді. Кездесу басталғаннан-ақ алаң иелері белсенділік танытып, 5-минутта есеп ашты. «Алтайдың» шабуылшысы Драган Стойсавлевич мүмкіндікті сәтті пайдаланып, допты «Қайсар» қақпасына дәл бағыттады.
Голдан кейін де өскемендік команда шабуылды жалғастырып, есепті еселеуге тырысты. Алайда бірінші таймның соңына дейін таблодағы көрсеткіш өзгерген жоқ.
Екінші таймда «Қайсар» таразы басын теңестіруге талпынғанымен, қызылордалық футболшылар өз мүмкіндіктерін тиімді пайдалана алмады.
61-минутта «Алтай» екінші голын соқты. Сэйф Попов қарсылас қақпасын дәл көздеп, алаң иелерінің басымдығын 2:0-ге жеткізді.
Қалған уақытта «Қайсар» есепті қысқартуға тырысқанымен, «Алтай» қорғаныста сенімді ойнап, матчты жеңіспен аяқтады.
Осылайша, өткен маусым қорытындысы бойынша Премьер-лигада өнер көрсету құқығына ие болған «Алтай» маңызды үш ұпайды еншіледі. Өскемендік клуб 22 ұпай жинап, турнир кестесінде 13-орынға көтерілді. Ал, «Қайсар» 20 ұпаймен соңғы, 16-орынға түсіп қалды.