«Барыс» жаңа маусымды ірі жеңіспен бастады
«Барыс» алғашқы үш ұпайын еншіледі.
ашық дереккөзден
Астаналық «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы жаңа маусымды өз алаңында «Сібірге» қарсы матчпен бастады. Елордалық клуб алғашқы ойында қарсыласын 7:1 есебімен жеңді.
Кездесуге «Барыс» сапында Солтүстік Америкадан келген барлық жаңа ойыншы, сондай-ақ ҚХЛ-да дебютті матчын өткізген қазақстандық жас қорғаушы Дамир Бритиков қатысты.
Матчтың бірінші кезеңінде алаң иелері басымдық танытты. «Барыстың» жаңа маусымдағы алғашқы шайбасын Всеволод Логвин соқты. Оның соққысынан кейін шайба қақпа бағанынан рикошет арқылы торға түсті.
Екінші кезеңде Михаил Кравец шәкірттері ойын қарқынын айтарлықтай күшейтті. Динмұхамед Қайыржан есепті 2:0-ге жеткізді. Ал Джастин Бэйли жеке-дара шығып, «Барыс» сапындағы алғашқы голын соқты.
Кездесу барысында астаналық команда тағы төрт шайба салды. Семён Симонов сан басымдығын пайдаланып есепті 4:0-ге жеткізсе, Чейз Приски өзінің бұрынғы командасына қарсы мергендік танытты. Джастин Бэйли дубль рәсімдеді. Сонымен қатар шабуылшының екінші шайбасына Хантер Шепард нәтижелі пас берді.
Үшінші кезеңде Гарретт Пилон «Барыс» сапындағы алғашқы голын соғып, есепті 7:0-ге жеткізді. Матчтың соңына қарай «Сібір» сапынан Даниил Валитов бір шайба соғып, Хантер Шепардқа «құрғақ» матч өткізуге мүмкіндік бермеді. Соған қарамастан, астаналық клуб 7:1 есебімен сенімді жеңіске жетті.
Осылайша, «Барыс» жаңа ҚХЛ маусымын үш ұпаймен бастады. Кездесуге елордалық команданы қолдау үшін шамамен 10 мың жанкүйер жиналды.
Келесі ойынын астаналық клуб 9 қыркүйекте өз алаңында «Салават Юлаевқа» қарсы өткізеді.