Қазақстан құрамасы Дэвис кубогында Таиландпен кездеседі
Дэвис кубогында Таиландқа қарсы өнер көрсететін Қазақстан құрамасының құрамы белгілі болды.
ашық дереккөзден
Қазақстан ерлер құрамасының Дэвис кубогының Екінші әлемдік тобы аясында Таиландқа қарсы өтетін матчқа қатысатын құрамы анықталды.
Қазақстан сапында Александр Шевченко, Денис Евсеев, Тимофей Скатов, Бейбит Жұқаев және Әмір Омарханов өнер көрсетеді. Ұлттық құраманың капитаны - Диас Досқараев.
Қазақстан мен Таиланд арасындағы кездесу 18-19 қыркүйек күндері Астанадағы Beeline Arena Ұлттық теннис орталығының хард корттарында өтеді.
Құрамалар өзара бес матч өткізеді: төрт жекелей және бір жұптық кездесу. 18 қыркүйекте екі жекелей матч өтсе, 19 қыркүйекте жұптық кездесу және екі жекелей ойын жоспарланған.
Қазақстан мен Таиланд арасындағы кездесудің жеңімпазы 2027 жылғы Дэвис кубогының Бірінші әлемдік тобының плей-офф кезеңіне жолдама алады.