Денис Теннің есімі ұлықталады

25 елдің спортшылары Денис Тен мемориалында бақ сынайды.

Денис Теннің есімі ұлықталады ашық дереккөзден

Алматыда Денис Тенді еске алуға арналған халықаралық турнир өтеді. Challenger сериясына кіретін жарыс 7-10 қазан аралығында Halyk Arena мұз айдынында ұйымдастырылады. Байрақты бәсекеге әлемнің 25 елінен шамамен 150 мықты мәнерлеп сырғанаушы қатысады.

Дәстүрлі халықаралық турнир Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Теннің құрметіне арналған. Жарысқа тәжірибелі спортшылармен қатар жас мәнерлеп сырғанаушылар да сынға түседі. 

Сайыс барысында ерлер арасындағы жекелей сырғанау, әйелдер арасындағы жекелей сырғанау және мұздағы би бағдарламалары бойынша медальдар сарапқа салынады. 

Естеріңізге сала кетейік, Денис Тен 2014 жылы Сочи қаласында өткен қысқы Олимпиада ойындарында қола медаль жеңіп алып, жекелей сырғанаудан Олимпиада тұғырына көтерілген алғашқы қазақстандық спортшы атанды. Сонымен қатар ол 2013 жылғы әлем чемпионатының күміс және 2015 жылғы әлем біріншілігінің қола жүлдегері болды.

Денис Тенді еске алуға арналған мемориал Қазақстанда жыл сайын өткізіліп, халықаралық мәнерлеп сырғанау күнтізбесіндегі дәстүрлі жарыстардың біріне айналды.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу