«Қайрат» турнирлік кестеде көш бастады
«Қайрат» «Ордабасыдан» екі ұпайға алға озды.
ашық дереккөзден
«Қайрат» өз алаңында астаналық «Жеңісті» 3:0 есебімен жеңіп, Қазақстан Премьер-лигасының кейінге шегерілген 21-тур матчында маңызды үш ұпайға қол жеткізді. Осы жеңістен кейін Алматылықтар турнир кестесінде бірінші орынға көтерілді.
Кездесудің алғашқы минуттарынан-ақ алаң иелері басымдықты өз қолына алды. «Қайрат» футболшылары 20-минутта есеп ашты. Эдмилсон қарсылас қақпасына дәл соққы жасап, алматылықтарды алға шығарды.
Бірінші тайм соңына дейін «Қайрат» басымдығын сақтап қалды. Үзілістен кейін де алаң иелері ойын тізгінін жібермей, шабуылды жалғастырды. Нәтижесінде 63-минутта Марк Гуаль есепті 2:0-ге жеткізді.
Матч соңына қарай «Қайрат» тағы бір гол соқты. 86-минутта Луиш Мата мергендік танытып, кездесудің нүктесін қойды - 3:0.
Осы жеңістен кейін «Қайрат» 57 ұпай жинап, турнир кестесінде бірінші орынға шықты. «Жеңіс» 29 ұпаймен тоғызыншы сатыда қалды.